
Жер ресурстарын ұтымды және экологиялық тұрғыдан қауіпсіз пайдалану – қазіргі аграрлық саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Осыған орай, жоба қатысушылары Талдықорған қаласының маңындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану жағдайымен танысып, бақылау жұмыстарын жүргізді.
Ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану үрдісін бақылаудың басты мақсаты – топырақ құнарлылығын сақтау, табиғи ресурстарды қорғау, экологиялық тепе-теңдікті қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты дамуына ықпал ету болып табылады. Бұл ретте бақылау жүйесі жердің заңсыз немесе мақсатсыз пайдаланылуын, сондай-ақ экологиялық заңнамалардың бұзылуын болдырмауға бағытталған.
Сонымен қатар, жерді тиімді басқару ауыл шаруашылығы жерлерінің құнарлылығын арттыруға, жер нарығын реттеуге және ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді.
Аталған жұмыстар BR24993047 «Жер қатынастарын реттеудегі заманауи сын-қатерлер: тарихи-құқықтық талдау» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Бағдарлама ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді басқару мен реттеудің құқықтық және институционалдық тетіктерін жетілдіруді көздейді.
